Арменияда күш құрылымдары Армян апостол шіркеуінің архиепископын ұстауға барды

Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің арнайы жасағы мен полиция Армян апостол шіркеуінің діни орталығына архиепископ Микаэл Аджапахянды әкетуге келіп тұр. Эчмиадзин, Армавир облысы, Армения. 27 маусым, 2025 жыл.

27 маусымда Арменияда күш құрылымдары Армян апостол шіркеуінің Ширак епархиясы басшысы, архиепископ Микаэл Аджапахянды ұстауға талпынды. Жұма күні таңертең Армения ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) арнайы жасағы мен полиция Армавир облысындағы Эчмиадзин қаласында орналасқан шіркеудің рухани орталығы мен католикос ІІ Гарегиннің резиденциясына барған.

Сонымен бір мезгілде Гюмри қаласындағы Ширак епархиясы басшысының резиденциясында тінту жүргізілген. Архиепископ Аджапахянның үстінен билікті басып алуға жария түрде шақыру бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Эчмиадзинде рухани кеңес жиынында болған Аджапахян жиналған жұрттың алдына шыққан. Ол елге ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеген.

Резиденцияның кіреберісінде қауіпсіздік күштері мен дін қызметкерлері арасында қақтығыс болған. Дін өкілдері ҰҚҚ қызметкерлерін ғимараттың ішіне кіргізбеуге тырысқан.

Аджапахян адвокатымен бірге өз еркімен сыртта тұрған полицияға шыққаны кейінірек белгілі болды.

Кейінірек ҰҚҚ жағдайды ушықтырмас үшін және қауіпсіздік мақсатында епископты ұсамауды ұйғарғанын мәлімдеді. Аджапаянның адвокаты Ара Зограбян архиепископ онымен бірге Тергеу комитетіне өздері баратынын хабарлады.

25 маусым күні таңертең Арменияның Тергеу комитеті Армян апостол шіркеуінің архиепископы Баграт Галстанян басқаратын "Қасиетті күрес" оппозициялық қозғалысының мүшелері мен жақтастары "терактілер мен билікті күшпен алуды жоспарлаған" деп мәлімдеді.

Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян құқық қорғау органдары елдегі жағдайды тұрақсыздандыруды көздеген "қылмыстық-олигархиялық дінбасылардың" кең ауқымды жоспарының жолын кесті деп хабарлады. Қозғалыс жақтастарының үйлерінде тінту жүргізілді. Архиепископ Баграт Галстанян ұсталып, екі айға қамауға алынды.

Армян апостол шіркеуі мен билік арасы шиеленіскен шақта тергеу амалдары жүріп жатыр. Бұған дейін премьер Пашинян шіркеуді сынға алып, католикос ІІ Гарегинді некесіз өмір салтын ұстануға берген антын бұзды деп айыптаған болатын.

Ал дін өкілдері үкіметтің шіркеуге қарсы саясаты айқын саяси сипатқа ие әрі Армян апостол шіркеуінің ел ішіндегі және халықаралық беделіне нұқсан келтіруді көздейді деп мәлімдеді.

Биыл маусым айында Ереванда шіркеуді қолдайтын ресейлік миллиардер Самвел Карапетян тұтқындалған. Оған да билікті басып алуға шақырған деген айып тағылды. Пашинян миллиардердің энергетика компаниясын мемлекет меншігіне алуға уәде еткен.