Ресейдің Курск облысында соғыс жайлы хабар таратып жүрген қытай журналисі жараланған

Қытай журналисі Лу Юйгуан

Ресейдің Курск облысында Қытайдың Phoenix телеарнасының журналисі Лу Юйгуан жараланды. 63 жастағы тілші украин дронының шабуылынан зардап шеккен деп мәлімдеді облыс басшысы Александр Хинштейн.

Кейінірек Хинштейн Лу Юйгуан ауруханаға жатудан бас тартқанын, оның тек "бас терісі жарақаттанғанын" хабарлады. Қытай журналисі қай жерде, қашан жараланғаны жайлы нақты ақпарат бермеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мен Украина кезекті рет тұтқын алмасты

Қытайлық бұрынғы әскери қызметкер Лу Юйгуан 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін соғыс барысынан хабарлар дайындап жүр. Ол Ресей әскері Мариупольді басып алған кезде солармен бірге жүрген. Бұрын ол Ресейдің Шешенстан аймағындағы қарулы шайқас болып жатқан өңірлерде жұмыс істеген және 2008 жылы Ресейдің Грузияға қарсы соғысынан хабар таратқан.

Британдық The Guardian басылымының мәліметінше, Лу Юйгуан ондаған жылдан бері Мәскеуде тұрып жатыр.

ТАСС агенттігі сүйенген дереккөздің хабарлауынша, Курск облысында бас сүйегіне зақым келіп, ауруханаға жеткізілген Лу Юйгуанның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қытай телеарнасы өз қызметкерінің жараланғаны жөнінде әзірше ресми түсініктеме берген жоқ.