Украинамен Еуроодаққа кіру жөнінде келіссөз бастауды Венгрия тоқтатып қойды

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан

Будапешт Украинаға қолдау білдіру жөніндегі Еуропа одағының ортақ мәлімдемесіне вето қойып, Киевпен Еуроодаққа кіру жөнінде келіссөз бастауды іс жүзінде бөгеп тастады. Бұл туралы "РБК-Украина" мен "Украинская правда" басылымдары хабарлады.

Одаққа мүше 26 мемлекет Киев пен Еурокомиссияны Украинаның Еуроодаққа кіруіне дайындық жұмыстарын жеделдетуге үндеген. Алайда, қолданыстағы заң ережесі бойынша, Еуропа одағына мүше елдердің келісімі бірауыздан қабылдануы шарт. Венгрия өз ұстанымын өзгертпейінше, келіссөздердің алғашқы кезеңін ресми түрде бастау туралы шешім қабылданбайды.

Келіссөз бастау туралы шешімнен бөлек, Еуроодақ тарапынан Украинаға көрсетілетін қаржылай қолдау да тоқтатылды. Еуроодаққа мүше Венгрия мен одақ құрамына енуге үміткер Украина арасындағы көп жылдық қарым-қатынас қазір ең төменгі деңгейге түсті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Венгрия мен Словакия Ресейге қарсы санкция салуға қарсы шықты