Ресей Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғысын бастағалы бері кемінде 115 857 ресейлік әскери қызметші қаза тапқан. Мұндай деректі BBC-дің Орыс қызметі, "Медиазона" және еріктілер тобы ашық ақпарат көздеріне сүйеніп есептеп шығарды.
Соғысқа ерікті ретінде барғандар арасында қаза тапқандар көп. Бұл үрдіс былтырғы жылдың күзінен бері өзгермей тұр, себебі Украинадағы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери құрамды толықтырудың негізгі жолы – армиямен келісімшартқа отырып, майданға ерікті ретінде барғандар есебінен болып отыр.
Журналистердің есебі бойынша, кемінде 240 ресейлік азамат 18 жасында келісімшартқа отырып, майданда мерт болған. Солардың бірі – Смоленск қаласының тұрғыны Даниил Чистяков. Ол небәрі 18 жыл, 1 ай, 27 күн ғана өмір сүріп, соғыста қаза тапқан. Ал майданда бірнеше күн ғана болған.
Келісімшарт бойынша соғысқа барып, 18 жасында қаза тапқан тағы бір ресейлік сарбаз – Иркутск облысының тумасы Виталий Иванов. Оның анасы Анна баласы екі апталық дайындықтан кейін әскери барлаушы мамандығын алғанын, ал 2025 жылғы 5 ақпанда алғаш рет әскери тапсырма бойынша ұрысқа жіберілгенін айтты.
"Бұл оның алғашқы әрі соңғы ұрыс тапсырмасы болды", – деп еске алды анасы.
2025 жылғы 4 наурызда оған әскери комиссариаттан қоңырау шалып, Виталий 11 ақпанда соғыста қаза тапқанын хабарлаған. Ол майдан шебінде бар болғаны бір аптаға жуық уақыт болған.
2023 жылы Ресейде қабылданған жаңа заң бойынша, мектеп бітірген, кәмелетке толған жастарға келісімшартпен әскери қызмет атқаруға рұқсат берілді. Оған дейін келісімшартпен әскери қызметке қабылдану үшін жоғары немесе орта кәсіптік білім болуы шарт еді.